Жүзу спорты

/upd/2015/0824/144041288355daf4d3bf6ee5.37224412.jpg

   Суда жүзе білу - өмірге өте қажет. Адам баласы ерте заманнан бері суда жүзумен айналысып келеді. Жазғы қапырық, ыстық күндерде адамдар жүздеп, мыңдап жағажайларға - өзен-көлдердің, теңіздердің жағаларына жиналады. Судың жағасындағы таза, салқын ауа, күннің сәулесі, табиғи көгілдір өсімдіктер дүниесі демалысқа өте пайдалы. Әрине мұның бәрі, әсіресе жақсы жүзе білетін адамдарды ерекше рақаттандырады.
    Жүзу дегеніміз судың бетімен немесе ішімен белгілі тереңдікте қолмен және аяқпен есу қимылдары арқылы адамның ілгері жылжуы. Жүзе білетін адам судағы неше түрлі кедергілерді жеңеді, біреу-міреу суға батып бара жатса, оны құтқаруды да біледі.
    Жүзумен шұғылданудың спорттық жетістіктерге жетуде маңызы зор. Мысалы: суға секіру, су шаңғы спорты, есу желкен спорты және т.б. мұндай спорт түрлерімен айналысу үшін алдымен жүзіп үйрену қажет. Суда жүзудің мынадай спорттық әдіс тәсілдері бар. Кроль – еркін жүзу (етпеттеп және шалқалап), брасс және баттерфляй (баттерфляй кейде дельфин деп те аталады). Спорттық жүзудің осы түрлерімен шұғылданатын адамдар жүзу әдістерін тыңғылықты орындауға дағдыланады.
   Шомылу және жүзу дене мүшелерінің сыртқы температура өзгерістерінен, салқыннан пайда болатын ауруларға шалдықпай, төзімді болуын тәрбиелейді. Өзен-көлдерде жүзу болса, күннің шуағы мен таза ауа адам денесіне күшті әсерін тигізеді.
    Судың ішінде адам салмақсыз болатындықтан, денеге көп күш түспейді де омыртқа жотасы созылады, бұлшық ет талшықтары ұзарады. Соның әсерінен адам тұлғасы сымбаттанып, қимыл-қозғалысы еркін де әсем көрінеді.
   Суда жүзудің пайдасы – адамның денсаулығын нығайтады, сонымен қатар өзін таза ұстауға және денесін шынықтыруға көмектеседі.