Туады ерлер ел үшін

/upd/2015/1010/14444751405618f104e17750.15232935.png

    Соғыс – ешқашан ұмытылмайтын қасірет. Соғыс кезі ең бір қатерлі кезең болды. Соғысқа апаларымыз да, аталарымыз да қатысты. Бұл соғыс әрбір үйдегі азаматтардың майданға өз отанын қорғау үшін аттанған кезі болатын. 1941 жылы шілденің үшінде Сталиннің радио арқылы сөйлеген сөзінен кейін соғыс басталды.
     Отбасымның тарихына келетін болсақ, менің Күләй әжемнің үш ағасы соғысқа қатысқан. Үш ағасының екеуі Отан соғысында белгісіз кетті. Әжемнің екі ағасы 1915 жылғы Мұса Қалниязұлы, 1917 жылғы Құрманай Қалниязұлы. 1938 жылы екеуі де әскер қатарына алынған. Екеуі де офицер болған. 1939-1940 жылы олар Фин соғысына қатысып, кейін Ұлы Отан соғысына қатысқан. Кейін аталарым Отан соғысынан оралмады. Муса Қалниязұлы сол соғыстан оралмайтынын сезген бе, әйтеуір 1941 жылы үй ішіне хат жолдаған. Ол хатында былай жазған: «Биыл біз елге кеш баратын шығармыз, отын-суларыңды қамдай беріңдер. Өйткені, шекара мазасыз болып тұр. Жаудың түтінінің иісі, иттерінің үрген дауысы естіледі. Бізді мезгілсіз оятып тұр» - деп, осы азғана сөйлеммен үй ішіндегілеріне осылай хат жолдапты.
    Әжемнің үшінші ағасы Құрманәлі Қалниязұлы 1941 жылы әскер қатарына алынып, Кавказ жерін жаудан қорғауға қатысып, 1948 жылы елге аман-есен оралды. Көп жылдар темір жол саласында қызмет етіп, зейнетке шығып, 83 жасында өмірден озды. Ұлы Отан соғысына қатысқан Құрманәлі ата ерлігі үшін орден медальдармен марапатталған. Ардагерлеріміз соғыста көрген қиындықтарын айтып, соғыстың оңай келмегенін түсіндіріп, жастарға өздерінің көрген қиыншылықтары туралы біршама сыр шерткен. Жақында бір сұхбаттан оқыдым. Қызылорда облысы, Қармақшы ауданында Жанділдә Бердімұратұлы есімді ардагер тұрады. Оның сол соғыс жылдардағы өмірі былай болыпты. Ардагердің айтуынша: «1943 жылы Ақтөбе облысы, Шалқар ауданында әскерге алындым. Сол кезде автоматшы болдым. Ресейдің көп қалаларында болып немістердің біразын атып өлтірдім. Бір уақытта аяғымнан кішігірім жарақат алдым, ол дегенмен денсаулығыма зиянын тигізген жоқ. Бір бөлімшеде орыс жігітімен болдым. Ол-командир болды, мен жаңағы айтып кеткендей автоматшы болдым. Бір кезде табан астында немістердің автоматшылары шыға келді. Пулеметтерін басып-басып жібергенде менің қасымдағы бір орыс ұшып кетті. Ол жаңағы командир екен. Қасымда ешкім қалған жоқ. Бір өзім немістерден тиіп-қашып жүріп аман қалдым. Көптеген медальдармен, ордендармен марапатталдым. Ал енді балаларым осы бейбіт заманды орнатайық, соның тыныштығын көрейік. Мен соғысқа қатысқан адаммын. Бәріміз соғыс деген бәледен аулақ, тыныштық заманда өмір сүруіміз керек» - деп, сөзін қорытындылады ақсақал ардагер атамыз. Міне, Ұлы Отан соғысының батырлары елі үшін қалай шайқасқанын көрдік. Олар жерлері үшін жауыз немістерге де төтеп берді. Осы аталарымыз елі үшін өз Отанын мәңгі қорғаған. Ұлы Отан соғысы біздің еліміз үшін аса ауыртпалығы мол ең қиыншылық заман болатын. Соғысқа Қазақстаннан 1,5 миллионға жуық азамат қатысты. Ұлы Отан соғысы жылдары КСРО бойынша 11600-ден астам адам ерлігі үшін Кеңес Одағының батыры атағын алды. Соның 97-сі қазақтар болды. Биыл Ұлы Отан соғысының аяқталғанына 70 жыл! Соғысқа әр жерден батырларымыз барды. Соның санаулысы ғана елге оралды. Майданға аттанған сол кездегі 19-20 жастағы қазақтың рухты жігіттері елін қорғау үшін аянып қалмады. Соғыс қаншама адамдардың бейбіт өмірін жалмады. Соғыс енді ешқашан болмасын. Осындай татулығы мол елде мәңгі өмір сүрейік. Қазақ елінің мәртебесі асқақ, үнемі туымыз көкте желбіресін. 1941 жылы неміс фашистерімен соғысып, 1945 жылы жеңіс біздікі болды. Осы соғыс тарихта «Ұлы Отан соғысы» деп аталды.

Жолдаған: Қарабай Нұрсәуле Әмірәдинқызы 14 жас
Қызылорда облысы
Арал ауданы, Сексеуіл кенті