Сұлулығы аңызға айналған құс

/upd/2015/1105/1446663278563a546eddb149.06146072.png

Ертегілерде, ескі әңгімелерде көбірек айтылатын құйрық үсті қауырсынымен ерекшеленетін дүниедегі ең әдемі құс - тауыс. Тауыстар – тауықтәрізді-лер отрядының қырғауылдар тұқымдасына жататын құс. Оның 2 түрі бар: кәдімгі тауыс және көкқанатты тауыс. Олар әдемілігі жағынан ғана емес, дене тұрқы жағынан да өзге құстардан басып озады. Себебі тауықтәрізділер отрядының ішіндегі ең ірі құс болып табылады. Бұлар Үндістан түбегі мен Шри-Ланка, Суматра аралдарында қалың бұталар арасын мекендейді. Ашық далалы, ну орманды жерлерде мекендемейді. Мекиені мен қоразы бір-біріне аса ұқсамайды. Қоразының дене тұрқы 110 – 125 см, салмағы 5 кг-дай болады. Әдемі құйрық үсті қауырсынының (жергілікті халық оны «құйрық» деп атайды) ұзындығы 120 – 130 см. Мекиендері реңсіз, сұр түсті. Көбіне жерде жүреді, жақсы жүгіреді, қауіп төнгенде ағаш басына шығып кетеді. Қоразының басы мен мойны ашық көк түсті, арқа тұсы сары-жасыл түсті, қауырсыны қызғылт сары түсті болып келеді. Қоразы неше түрге боялған “көздері” бар әдемі құйрық үсті қауырсындарын желпуіш тәрізді жазып жіберіп, тік ұстай алады. Қауырсындарының ұзындықтары әр түрлі болып келеді. Тауыстар ұша алатын құс. Соған қарамастан жеңіл ұшып, көздеген биігіне оңай көтеріле алады. Тауыс ең әдемі құс болса да, аяқтары ұсқынсыз болып келеді. Аңыз әңгімелерде бұл құс өзінің әдемілігіне тәкаппарланатын болыпты. Бір күні тәкаппарланып жүріп, көзі аяғына түсіп кетсе, ұсқынсыз аяқтарын көріп, бар дауысымен бақырып жіберіпті – мыс делінеді. Табиғатынан тауыстар көп дыбыс шығара бермейтін құс. Алайда жаңбырдың алдында дауыс шығарғанды жақсы көреді. Оның дауысы өте ащы болып келеді. Мекиені ұясын жерді шұңқырлап, оған құрғақ шөп пен жапырақ төсеп жасайды. Оған 4-7 қызғылт дақтары бар жұмыртқа басады. Балапандары тез жетіледі, бір айдан соң өз бетінше ұша алады. Оларға жыртқыш құстар, леопард және кейбір жыртық аңдар шабуыл жасайтындықтан көбеюден басқа уақытта олар топтанып тіршілік етеді. Олар жәндіктер мен олардың дернәсілдері, құрттар мен моллюскалармен қоректенеді. Өзінің әдемілігінің арқасында ежелден атақты үнділердің үйінде, кейін әлемдегі ақсүйектердің бау-бақша және бақтарында ұсталып бағылған. Ал Қазақстанда тек хайуанаттар бағында және жеке адамдардың қолында ұсталады. Павлиндердің саны жылдан жылға азаюда, сондықтан қорғауға алынып, халықаралық табиғат қорғау одағының “Қызыл кітабына” енгізілген.