Бәбісек

/upd/2015/1204/14492465535661bf593f83d6.59274643.png

     Еуропа, Африка, Мадакаскар және Азиядан Жапонияға дейінгі өлкелердің парк, бақша және ашық далалы  жерлерінде мекендейді. Дене тұрқы 28-30 см, жіңішке сүйір тұмсықты құс. Басында ұштары қара, ұзын айдары бар. Қанаттары мен бүйірінде көлденең ақ-қара жолақтары бар. Түрлері: бір ғана түрінен бірнеше ішкі түрлері кездеседі. Бәбісек (сасық көкек) және һудһуд құсы басындағы әдемі айдарымен және ақ-қара кестелі қанаттарымен өте тартымды болып көрінеді. Дене тұрқы көгершіндей немесе көгершіннен де кіші, басында желпуіш тәрізді жазылатын айдары бар әдемі құс. Денесі қызғылт сары түсті, бүйірі мен қанаттары ақ-қара көлденең жолақты, жіңішке ұзын тұмсығы сүйір және аласа. Аяқтары қысқа және мықты. Жүрген кезде, басын алға-артқа теңсегенде басындағы айдары әдемі бір көрініс береді. Ұя жасау үшін аса көп шөпшекті қажет етпейді. Жалпы ағаш қуыстарына, дуал және тас үйінділерінің арасына ұялайды. Топырақ үстінде секіріп, әр түрлі ойындар ойнайды. Аталығы мекиеніне қырындаған кезде азық тасиды. Жұптасқан кезінде шығарған дауыстарынан “һудһуд” деп аталып кеткен. Бұған “тарақты құс” және “айдарлы құс” деп те айтылады. Құран кәрімде “һудһуд”-тың Сүлеймен пайғамбардың әскерлеріне су табу қызметін атқарғаны, Сәба мемлекетінің патшасы Балқыздың сарайынан хабар алып келгені және хат тасып одан да хабар әкелгені туралы білдірілген. Арабтар оған “хабарлардың атасы” мағынасындағы “Әбул-аһбар” деп лақаб ат қойған. Бәбісек шыбын-шіркей және құрт-құмырсқалармен қоректенеді. Сүйір тұмсығымен топырақты қопарып шығарған құрттарын ауаға лақтырып, тұмсығын ашып, ауада қағып алып жегенді жақсы көреді. Құрт-құмырсқалармен қоректенетіндіктен пайдалы құс болып табылады. Адамдарға оңай үйреніседі. Күз маусымында Африкаға ұшып кетеді. Көктемде Азия және Еуропаға қайта оралады. Ұясын ағаш қуыстарына немесе биік топырақ саңылауларына салады. Жұмыртқалаған кезеңінде құйрық безінен жағымсыз иіс шығарады. Мекиені 4-12 көк немесе жасыл қошқыл жұмыртқасын 16 күн басады. Бұл кезеңде аталығы қоректендіреді. Бәбісектер көшу мерзімінен бөлек жалғыз мекендегенді жақсы көретін құстар. Ашық жерлерде кездестіруге болатындай қала ішіндегі саябақтарда да кездеседі.