Рахмет анашым

/upd/2016/0625/1466854947576e6e23e56351.82130702.jpg

«Анаңды Меккеге үш рет арқалап апарсаң да, қарызын өтей алмайсың». (халық даналығы)
Ана! Осынау үш-ақ әріптен тұратын сөзде қаншама терең мағына, ыстық махаббат, аяулы сезім жатыр. Бұл сөз адамға ауаның қажеттілігіндей маңызды, дүниедегі ең қымбат сөз. Анашым деген сөзді біз күніне қанша қайталап айтсақ та, кей сәттерде осы қымбат сөздің мағынасын түсінбей жатамыз. Ана өз баласы үшін кез-келген қиындықты мойымай көтереді, тіпті, қажет болып жатса, от пен суға түсуге де тайынбайды. «Анасы бар адамдар, ешқашан қартаймайды». Анамыз жанымызда жүрген кезде өзімізді ұясы бар балапандай, саялаған самал желдей, аялаған алып бір қорғанымыз бардай сезінеміз. Сыйлаймыз, құрметтейміз, еркелейміз. Біздің кейбір орынсыз еркелігімізді, қисық-қыңыр мінезімізді анамыздан артық көтеріп, кешіретін жан бар ма әлемде? Жоқ, әрине! Ана үшін баласын құшағына қысып, оны еркелетуден асқан бақыт жоқ екендігін осы әлемде түсінетін адамдар аз. Өз аналарына арнап өлең-жыр жазған ақындар мен ән арнаған сазгерлер де ана алдындағы өздерінің қарыздарын осындай балалық махаббатымен қайтарады. Мен де бүгін жан анашыма арнап, осындай шығарма жазуға бел будым. Осы өмірге келгеннен бастап, түн ұйқысын төрт бөліп бесік тербеген, жыласақ жанымыздан табылған, бағып-қағып аялаған аяулы анама махаббатымды осылай жеткізгім келеді. «Анаңды Меккеге үш рет арқалап апарсаң да, қарызын өтей алмайсың деген» мақал да тегіннен тегін айтылмаған. Біздің ана алдында өтелмеген қарызымыз өте көп. Ананың қарызын өтей алмасақ та оның қабағына кірбің түсірмеуге, орынсыз ренжітпеуге тырысуымыз керек. Кейде анамыз бізді жұмсап жатса, оның айтқанын орындамай қиқарланып жатамыз. Осынымыз дұрыс па? Анамыздың ондай сәттерде ренжіп қалғанын білсек те, кешірім сұрамаймыз. Ал анамыз болса еш нәрсе сездірмейді, білдірмейді, көрсетпейді. Осындай алтын аналарымызды ардақтап, оларға күнделікті алғыс айтып отырсақ олардың да мерейі үстем болып жүреді ғой. 
Басқа балаларды қайдам, мен өз анамнан сәл алыстасам болды оны сағынып, көргенше асық бола бастаймын. Менің анамның аты – Назгүл. Біз үйде үш баламыз. Біздің анамыз балабақшада жұмыс істейді. Жұмыстан тыс уақытында анамыз әрдайым біздің қасымызда болуға тырысады. Сабағымызды тексеріп, үнемі қадағалап отырады. Тіпті, әрқайсымыздың көңіл-күйімізді де бірден байқайды. Бізді еркелетіп, білмегендерімізді үйретуден жалықпайды. Біздің анамыз тағамды да өте дәмді етіп әзірлейді. Себебі, ол оны бар мейірімімен дайындайды. Жұмыстан қаншалықты шаршап келсе де, ренжіп жүрсе де бізге білдірмеуге тырысады. Мен қай кезде де, қай жерде де өз анамды мақтан тұтамын. Менің анам әлемдегі ең әдемі, ең мейірімді, ең аяулы жан. Оның ыстық құшағы мен қамқорлығын сезінген кезде мен өзімнің ең бақытты жан екенімді сеземін. 
Кейбір балалардың «анам маған ананы әпермеді, мына жерге апармады» деп ренжіп отырғандарын көргенде қатты ызаланамын. Кейбір ұсақ-түйек заттарға бола өзіңе тым қымбат адамға қалай ренжуге болады? Ананың қамқор жүзі мен аялы алақанын сезінудің өзі неге тұрады. Мен аналар мерекесінде болсын, анамның туған күнінде болсын оған сыйлық жасап, қуантуға тырысып жүремін. Үй-ішін жинастырып, ыдыс жуып, қолғабысымды тигіземін.
Аналар - әлемдегі ең асыл жандар. Оларға небір қымбат сөздер арнасақ та, сансыз әндер мен жырлар шығарсақ та еш артықтық етпейді. Ана барлығынан биік тұратын тұлға. «Әке – асқар тау, ана – таза бұлақ, бала – жағасындағы құрақ» дейді. Ананың баласына деген көңілі, баласына деген мейірімі, баласына деген қамқорлығы шындығында, тап-таза. Сол ананың таза көңіліне қаяу түсірмеуге тырысайық. 
Өмірімізде өрт шыққанда, су болатын – АНА, басымыздан күн өткенде, көлеңке болатын – АНА, қараңғы түнде жарық беріп, ай болатын – АНА. Біздегі бар байлық, бар асылымыз, бар сәніміз, мәніміз аяулы да ардақты «ЖАН АНАМЫЗ». Осындай ардақты да салмақты сөздерді мен тек анама ғана арнаймын. Ана, сізге мың алғыс!!!

Аяла Алпысбаева