Абылай хан

      Абылайдың азан шақырып қойған аты – Әбілмансұр. Ол 1711 жылы Түркістан билеушісі «қанішер» Абылайдың ұлы Көркем Уәлидің шаңырағында дүниеге келген. Атасы Абылай жекпе-жекке шыққанда жауы шақ келмейтін батыр болып, Қанішер Абылай атаныпты. Түркістанды қалмақтар басып алғанда Көркем Уәли өліп, Әбілмансұр далаға қашып шығады да, аман қалады. Әбілмансұр барған жерінде ата-тегін жасырып күн кешеді. Осы "ақтабан шұбырынды" жылдарында жетім бала, үйсін Төле бидің  қолына келеді. 
      Төле бидің тәлім-тәрбиесінде болуы Абылайға зор ықпал жасады. Қазақ даласының даналығын бойына жинаған баба ақылы мен парасатын, ел билеу қабілетін, анталаған жауға қарсы қазақ халқы басы біріксе ғана тойтарыс бере алатынын жас баланың санасына ұялата білген.
       1730-33 жылдар аралығында болған бір ұрыста бұрын белгісіз жас жігіт Әбілмансұр жекпе-жекке шығып, қалмақтың бас батыры, қоңтажы Қалдан Сереннің жақын туысы (кейбір деректерде күйеу баласы) Шарышты өлтіреді. Үлкен әкесінің атын өшірмей, жауға Абылайлап ат қойған Әбілмансұр жеңісті ұрыстан соң, Орта жүздің сұлтаны деп танылып, қазақ даласындағы ең беделді әміршілердің біріне айналады. Бұдан соңғы жерде Әбілмансұр есімі ұмытылып, Абылай атанады.
      1771 жылы жасы жеткен Әбілмәмбет хан дүние салды. Үш жүздің басшы өкілдері Түркістанда Абылайды хан көтерді. Абылай іс жүзінде жалғыз Орта жүздің ғана емес, бүкіл Қазақ ордасының ұлы ханы болды. Қазақ хандығының күшін біріктіріп, әскери жағынан куатты мемлекетке айналдырды.
      Абылай өмір жолын ат үстінде, жорықтарда өткізіп, Арыс өзені жағасында 1781 ж қайтыс болды. Сүйегі Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Иасауи кесенесінің ішінде Қабырхана мен Ақсарай арасындағы дәлізде жерленген.