Кенесары хан

    
       Қасымұлы Кенесары хан (1802-1847) – Қазақ хандығының соңғы ханы, ұлт азаттық көтерілісінің әйгілі басшысы. Ол өзінің тегі жағынан төре тұқымынан. Бабасы – қазақтың атақты ханы Абылай.
     1822 ж Ресей өкіметі Кіші жүз бен Орта жүздегі хандық билікті жойып, аға сұлтан мен сұлтан әкімдер билігін енгізеді. Сөйтіп, Ресей өкіметі қазақ елінің ішкі тірлігіне тікелей араласып, өз үстемдіктерін жүргізе бастайды. Осыған қарсы шыққан Кенесары хандық басқару жүйесін қалпына келтіруге күш салады. 
     Қазақтардың жерін тартып алып, әскери бекіністер салуы, суы мен жайылымы мол жерлерді орыс-казак шаруаларына бөліп беруі және алым-салықтың өсуі қазақ қауымының наразылығын күшейтіп, оларды Кенесары бастаған көтерілісті жан жақты қолдауға итермеледі. Әйтсе де патша саясатын қолдап Кенесарыға қарсы шыққан рулар да аз болмады.
     Кенесары қолы алғашқы әрекетін 1838 ж көктемде Ақмола бекінісін қоршап, өртеуден бастады. Кейін соғыс ауқымын Торғай арқылы кіші жүз жеріне қарай кеңейтті.
    Кенесары хан қазақтың үш жүзі руларының едәуір бөлігін өз туы астына біріктіре алды. Көпшіліктің қолдауымен 1841 ж Кенесары Қасымұлы хан сайланды. Кенесары мемлекетті басқаруда шариғаттың ережелерін енгізді, сонымен бірге, билер сотын қалпына келтірді. Өз хандығын нығайту үшін біраз экономикалық және саяси шараларды жүзеге асырды. Мал өсіретін аудандарда зекетті, егіншілікті аудандарда ұшырды енгізді. 
    1843 ж Патша үкіметі Кенесарыға қарсы кең көлемді әскери жорық ұйымдастырды. Кенесарының әскері Ресей армиясы мен Ресей жағында күресуші қазақ сұлтандарын бірнеше рет ойсырата жеңді. Алайда әскери қуаты басым жау Кенесары сарбаздарын Жетісуға шегінуге мәжбүр етті. Ханның келесі бағыты қырғыз халқын орыс отаршылдығына қарсы ортақ күреске көтеру болды, алайда ол манаптар тарапынан күшті тойтарысқа тап болды. Кенесары Қасымұлы 1847 ж Томақ маңындағы екі жақтың күші тең емес шайқаста қаза болды.