Жақсы-жаман, мінез-құлық

Дәніккеннен құныққан жаман.

Балуанның жаманы,

Жығылған соң қалтырар,

Күзетшінің жаманы

Алдырған соң талтаяр.

Құс жаманы саңғығыш,

Адам жаманы қаңғығыш.

Жаманға ошақтың үш бұты,

Үш айлық жол.

Шөлдің қамысы болмайды.

Жаманның намысы болмайды.

Жапа шегіп, жай жату

Жасықтықтың белгісі,

Ерте жатып, кеш тұру

Пасықтықтың белгісі.

Күтімі жаман ағаштың

Бітімі жаман.

Жаман өзен өткел бермес,

Жаман кісі көпке ермес.

Бейілі жаман кісіден көшеді,

Өз асын өзі жасырып ішеді.

Үндемес ауызда пәле бар,

Екі ұртында шала бар.

Тақыр жерге су төксең,

Жүруге тайғақ болар;

Жаманға сырыңды айтсаң,

Тар жерде айғақ болар.

Атың жаман болса,

Қарың кетер.

Балаң жаман болса.

Арың кетер.

Жаманның ойыны жаман

Шошқаның мойыны жаман.

Қайта жауған қар жаман,

Қайта шапқан жау жаман.

Жаманның аттан құлағаны да жаман.

1 2 3 4 5